Қытайлық суретшілер Сунь Юань мен Пэн Юйдің 2019 жылы Венеция биенналесінде көрсетілген жұмысында робот-машина еденге төгілген қанның шалшығын қайта-қайта, бірақ нәтижесіз тазалауға тырысады. Бұл жұмыс барған сайын автоматтандырылып, жаһанданып келе жатқан әлемдегі қол еңбегінің болашағына қатысты алаңдаушылықты дәл аңғартады. Сонымен қатар мұнда автоматтандыруға көнбейтін белгілі бір «қанды» қалдықты да көреміз.
Жұмыстың бейнеқұжаттамасын көріп отырып, мен арғы атамды еске аламын. Ол қолөнер шебері болған. Арғы атам өз ортасында ең үздік ат әбзелдерін жасаған, ер-тұрман әзірлеген, қалыңдықтың киімі мен әшекейлерін тігіп, безендірген. Ол туралы мен апам Жамалдың естеліктерінен білемін. Ол кісі атамның өмірі мен шеберлігі туралы түрлі әңгімелер айтатын. Балалық шағымдағы ерекше естеліктерімнің ішінде оның өміріндегі күлкілі оқиғалар да бар.
Мысалы, бірде ауыл атамсыз көшіп кеткен, өйткені ешкім оны оятуға батпаған. Алайда ауыл ақсақалы мұндай жағдайда атама әрдайым арқандап байланған бір ат пен көмекші қалдыратын. Осылайша ол қысқы қонысқа немесе жайлауға өз бетімен жете алатын.
Ол өз дәуірінің фрилансері іспетті еді: уақыты қоғамдағы көпшілік адамның уақытындай қатаң құрылмаған. Қалағанынша ұйықтайтын, ешқайда асықпайтын, қалаған кезінде жұмыс істейтін. Ең бастысы - тапсырыстардың санына қатты тәуелді болмаған. Егер қандай да бір тапсырыс көңілінен шықпаса, одан бас тарта алатын. Бұл тіпті ауылдың беделді адамдарына қатысты тапсырыстарға да жүретін.
Арғы атамның тарихы дәстүрлі, кейін жаңғырған қазақ қоғамының құрылымын түсінуге мүмкіндік береді: әрбір дерлік отбасында қол еңбегін меңгерген өз шебері болған.
Өнеркәсіптік революциядан кейін шебер тұлғасы тарих сахнасынан кетуі тиіс сияқты еді. Өйткені бір қарағанда жаппай конвейерлік өндіріс, Қытай фабрикалары мен алып брендтер үстемдік еткен заманда қол еңбегіне орын жоқ секілді.
Тарих сахнасына жаңа экономикалық жағдай және онымен бірге жаңа кейіпкерлер мен жаңа бедел иелері шықты.
Алайда жағдай басқаша өрбіді - қол еңбегі жойылған жоқ әрі өзінің дамуын тоқтатқан емес. Бұған көне заман мен тарихқа деген қоғамдық қызығушылықтың қайта жандануы дәлел. Нарыққа көз жүгіртсек, поп-ап дүкендерден, Instagram-дүкендерден, секонд-хендтерден винтажды және бірегей әшекейлерді, жиһазды, жергілікті дизайнерлер мен шеберлердің киімдерін кездестіреміз. Ал жастар заманауи техниканың соңғы үлгілерімен қатар антикварлық дүкендерден тапқан заттарын да мақтанышпен көрсетеді.
Бүгінде қол еңбегі заманауи өнердегі көркемдік өндірістің де ажырамас бөлігі болып қала береді: қолдан жасалған өнер нысандары мен мүсіндер мультимедиалық туындылармен қатар өмір сүріп келеді. Мұны көрме қатысушыларының жұмыстарынан да байқауға болады.
Тұрақты тапсырыс пен кең сұраныс әлі толық қалыптаспаған, дамып келе жатқан заманауи өнер саласына назар аударсақ, белгілі бір кезеңдерде суретшілерді көбіне дәл осы қол еңбегінің дағдысы қолдайтынын көреміз. Ал автоматтандыруға бағынбайтын мұндай салалар әлі қанша?
"Алайда жағдай басқаша өрбіді - қол еңбегі жойылған жоқ әрі өзінің дамуын тоқтатқан емес"
Автоматтандырылған және қол еңбегі өзара астасқан жаңа жағдай, яғни сол «қанды» қалдық - осы көрменің негізгі зерттеу нысаны.
Көрмені дайындау барысында біз жаппай қоғам жағдайындағы бірегей қол еңбегімен жасалған бұйымдар нарығының қалай жұмыс істейтінін, оның өміріміздің қандай салаларында бар екенін, қай салаларда басым екенін және қол еңбегінің көркемдік өндірістегі орнын түсінуге тырыстық.
Көрменің негізгі назарында - суретші-шебер тұлғасы: оның тәжірибесі мен рәсімдері, әдістері мен құралдары.
Экспозициядағы заттар мен олардың орналасу жүйесін осы сұрақтарға жауап беруге, сонымен қатар көрерменді фактура, материалдың сипаты мен түстер әлеміне бойлатуға мүмкіндік беретіндей етіп таңдауға тырыстық.
— Асель
Көрме қатысушылары: Ғалым Маданов және Зауреш Терекбай, Гүлнұр Мұқажанова, Жанна Нугербек, Kokonja, Меруерт Құнакова, Нұрбол Нұрахмет, Сержан Баширов.